АЛҒЫС АЙТУ – ОРТАҚ ТАРИХЫМЫЗҒА КӨРСЕТІЛГЕН ҚҰРМЕТ
1 наурыз – Қазақстан халқы Ассамблеясы күні. Бұл күні Мемлекет басшысының Жарлығымен Алғыс айту күні болып жарияланды. Биыл, міне, қазақстандықтар атаулы мейрамды төртінші мәрте атап өтуде. Батыс Қазақстан облысында мереке «Қазақ халқына мың алғыс» монументіне гүл шоқтарын қоюдан басталды. Бұдан соң БҚО әкімі, БҚО Қазақстан халқы Ассамблеясының төрағасы А.Көлгінов Қазақстан халқы Ассамблеясы үйінде БҚО Қазақстан халқы Ассамблеясы ардагерлерімен кездесті. Алқалы кездесуге Ассамблея ардагерлерімен қатар «Жаңғыру жолы» жастар қозғалысының өкілдері қатысты.

Басқосуды өңір басшысы Алтай Сейдірұлы ашып, жиналғандарды Алғыс айту күнімен құттықтады.
– Тәуелсіз Қазақстанның ең басты байлығы – татулық, бірлік. Қиын-қыстау кезеңде қанша ұлт пен ұлыс ата жұртынан айырылып, өз еркінен тыс қоныс аударды. Жазықсыз жапа шеккен сан алуан этностық топтардың өкілдері Ұлы даланың жеріне қоныстанды. Үйлі болды. Бауыр тапты. Осылайша, бір шаңырақ астында көпұлтты мемлекет ретінде өмір сүріп келеміз. Елбасы Н.Назарбаев елдің бірлігінің бекем болуы керектігін әркез айтады. Президентіміз төрағалық ететін Қазақстан халқы Ассамблеясы – қазақ жерінде тұрып жатқан, «өз үйім», «өз Отаным» деп санайтын барлық ұлт пен ұлысты біріктіріп отырған бірегей институт. Ассамблеяның достық, бейбітшілік, келісімді нығайтудағы орны зор. Ассамблея мүшелері өз еңбектерімен елдің дамуына үлес қосып, үлгі көрсетуде. Қазақсан халқы Ассамблеясының құрылған күні – Алғыс айту күні ретінде жариялануы тегін емес. Мемлекет басшысы атап өткендей, бұл – ортақ тарихымызға құрмет көрсету күні. Еліміздегі мерекелердің ішінде осы күннің маңыздылығы ерек. Әсіресе жастар бұл күнді білуі тиіс. Тарихты ұмытуға болмайды. Бабаларымыздың қиын кезеңдердегі еңбегіне тағзым етуіміз керек. Әрқайсымыз күш біріктіріп, еңбек етер болсақ, еліміздің бұдан әрі дамуына ықпал етеріміз анық. Бізді алға жетелейтін – еңбек, – деген Алтай Сейдірұлы елдің өркендеп дамуына бір кісідей атсалысып жүрген батысқазақстандықтарға, соның ішінде Ассамблея мүшелеріне алғысын жеткізді.

БҚО ҚХА Ақсақалдар кеңесінің мүшесі, жазушы Александр Ялфимов күнтізбеде Алғыс айту күнінің белгіленуі – ұлы іс екенін айтып, өз сөзін бастады.
– Ондаған, жүздеген жыл бұрын Отанымыз, жеріміз үшін жанын берген батырларымызға, қаһармандарымызға шексіз алғыс айтамыз. Жәнібек пен Керейге, сарабдал саясатшы Бопай ханымға, қазақтың ғана емес, барлық әлемнің мақтаншына айналған Ұлы Абай Құнанбаев пен Шоқан Уәлихановқа, берірек келер болсақ, Бауыржан Момышұлы, Әлия мен Мәншүк, «Лининградтық өренім» деп халықтың рухын көтерген Жамбыл Жабаевқа зор тағзым. Олардың әр ісі бүгінгі ұрпаққа үлкен өнеге, – деді А.Ялфимов.
Ақжайық ауданының құрметті ақсақал Нәсіпқали Қайрхомов елдің бірлігі мен татулығын сақтаудың мәніне басымдық берсе, Құрметті құрылысшы Григорий Те 1937 жылы Қиыр Шығыстан депортацияланған кәрістердің қазақ жеріне қоныстануы туралы әңгімелеп, алғысын айтты.

– Біздің Отанымыз – Қазақстан. Басқа Отанымыз жоқ. Біздер осы жерге сіңіп кеттік. Балаларымызды оқытып, жеткізудеміз. Осы әсем мекенде тұрып жатқынымыздың өзі бақыт. Сол үшін алғыс айтамыз. Құрмет көрсетуді ұрпағымыздың да бойына сіңіруді басты міндетіміз санаймыз, – деді Григори Антонович.
Сонымен қатар «Жаңғыру жолы» жастар қозғалысының белсенді мүшесі, «Белорусь» этно-мәдени орталығының өкілі Ирина Резенкова алғысын жеткізді.

Басқосу қорытындысында елімізде қоғамдық келісім мен бейбітшілікті сақтауға, азаматтық бірегейлік пен жалпыұлттық бірлікті нығайтуға үлес қосқандар марапатталды.



Эльмира НҰҒМАНОВА,
автордың және Р.ХАЛЕЛОВТЫҢ суреттері
Версия для печати
Соңғы жаңалықтар
«Жаңа талап» мемлекеттік қызмет мектебінің жаңа оқу жылы басталды
КАЗТАЛОВ АУДАНЫНДА 2 МЛРД ТЕҢГЕНІҢ 26 ИНВЕСТИЦИЯЛЫҚ ЖОБАСЫ БОЙЫНША МЕМОРАНДУМҒА ҚОЛ ҚОЙЫЛДЫ
Конституцияның 6-бабы: саяси әралуандық пен қоғамдық тұрақтылықтың құқықтық негізі
АВТОМОБИЛЬ КӨЛІГІ ЖӘНЕ АВТОЖОЛ САЛАСЫ ҚЫЗМЕТКЕРЛЕРІ ҚҰРМЕТКЕ БӨЛЕНДІ
Болашақтың экономикасына байыппен көшуге құқықтық негіз болатын жаңа Азаматтық кодекс қабылдау қажет»
Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Жаңа тарихи кезеңдегі Қазақстанның өзекті міндеттері» атты Қазақстан халқына Жолдауы
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев 28 қазан күні Қазақстан халқына Жолдауын жариялайды
Президент шет мемлекеттер басшыларының Ұлттық мерекемізге орай жолдаған құттықтауларына ризашылығын білдірді
ОРАЛДА РЕСПУБЛИКА КҮНІНЕ ОРАЙ МЕМЛЕКЕТТІК ТУ КӨТЕРУ РӘСІМІ ӨТТІ
Облыс әкімі Нариман Төреғалиевтің Республика күнімен құттықтауы
Жедел медициналық көмек станциясының жаңа әкімшілік ғимараты салынуда
Батыс Қазақстан облысында Республика күні қарсаңында сенбіліктер мен ауыл шаруашылығы жәрмеңкесі өтті
Мемлекет басшысы NVIDIA компаниясының негізін қалаушы және президенті Дженсен Хуангты қабылдады
«Подстепное – Федоровка – Ресей Федерациясының шекарасы»: БҚО-да автомобиль жолы пайдалануға берілді
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Республика күніне арналған салтанатты жиында сөз сөйледі
Президент Республика күні қарсаңында бір топ азаматты мемлекеттік наградалармен марапаттау туралы Жарлыққа қол қойды

Кіру
Пікір үстеу