БҚО-да QazExpoCentre-Pipe зауытының муфта кесу цехі ашылды
Батыс Қазақстан облысында QazExpoCentre-Pipe зауытының жаңа муфта кесу цехі іске қосылды. Бұл – өңірдің өндірістік әлеуетін арттырып, мұнай-газ саласына қажетті отандық өнім көлемін ұлғайтуға бағытталған маңызды индустриялық жоба.
QazExpoCentre-Pipe зауыты мұнай-газ өнеркәсібіне арналған шегендеуіш және сорғы-компрессорлық құбырлар өндіреді. Кәсіпорында шығарылатын құбыр өнімдері мұнай және газ ұңғымаларын бұрғылау, құрастыру, пайдалану және жөндеу жұмыстарына қолданылады. Жаңа муфта кесу цехінің іске қосылуы өндіріс тізбегін кеңейтіп, кәсіпорынның технологиялық мүмкіндігін арттыруға, өнім сапасы мен бәсекеге қабілеттілігін күшейтуге жол ашып отыр.
Жаңа өндіріс желісі – өңірдегі ірі инвестициялық бастамалардың бірі. Жобаны жүзеге асыруға шамамен 5 миллиард теңге инвестиция тартылған. Цехтің өндірістік қуаттылығы жылына 165 мың бұйым шығаруға жетеді. Өндіріс желісі диаметрі 60-тан 245 мм-ге дейінгі өнімдерді дайындауға қауқарлы.
Жобаның басты ерекшелігі – жоғары технологиялылығы және толық автоматтандырылған өндіріс жүйесінің енгізілуі. Цехте Германияда жасалған муфта оятын станоктар мен Жапонияның роботтандырылған жүйелері орнатылған. Заманауи қондырғыларды пайдалану нәтижесінде дайын өнімдегі отандық қамту үлесі артып, кәсіпорынның өндірістік дербестігі күшейе түсті. Бұл өз кезегінде импортқа тәуелділікті азайтып, ішкі нарықты сапалы отандық өніммен қамтуға мүмкіндік береді.
Ашылу салтанатына қатысқан Батыс Қазақстан облысының әкімі Нариман Төреғалиев жобаның ел өнеркәсібі үшін маңызын ерекше атап өтті.
– Мемлекет өңдеу өнеркәсібіне үлкен күш салып жатыр. Жаңа цехтің ашылуы – Қазақстан үшін маңызды қадам. Бұл бағыттағы өнім елімізде алғаш рет өндіріліп отыр. Қажетті мамандар да шетелде оқып, жаңа технологияны меңгеріп келді. Дүниежүзінде мұндай өнім шығаратын бес компания болса, бүгін ашылған цех – алтыншысы. Мемлекет басшысының тапсырмасы аясында отандық өнімді қолдау артып келеді. Ендігі міндет – өз өнімімізді нарыққа кеңірек шығару,- деді облыс әкімі.
Жаңа цехтің іске қосылуы өндіріс көлемін ұлғайтуға, өндірістік үдерістердің тиімділігін арттыруға және негізгі тапсырыс берушілерді тұрақты өніммен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Сонымен қатар жоба аясында кәсіпорынның экспорттық әлеуетін көтеруге және нарықтағы орнын нығайтуға басымдық беріліп отыр.
Жобаның әлеуметтік-экономикалық маңызы да зор. Өндіріс орнының ашылуы нәтижесінде 58 жаңа жұмыс орны құрылып, кәсіпорындағы қызметкерлердің жалпы саны 200-ден асты. Бұл жергілікті кадрларды жұмыспен қамтуға, халық табысын арттыруға және өңірдегі еңбек нарығын қолдауға оң әсерін тигізеді. Сонымен қатар жаңа цехтің іске қосылуы салық түсімдерінің ұлғаюына, отандық өндірістің нығаюына және импортқа тәуелділіктің төмендеуіне ықпал етпек.
Кәсіпорын Мемлекет басшысының шикізаттық емес секторға инвестиция тарту жөніндегі тапсырмасына сәйкес ел экономикасына елеулі үлес қосып келеді. Зауыт кейінгі үш жыл ішінде бюджетке шамамен 15 миллиард теңгеге жуық салық төлеген.
QazExpoCentre-Pipe компаниясы алдағы уақытта да өндіріс ауқымын кеңейтуді жоспарлап отыр. Атап айтқанда, кәсіпорын жылына 100 мың тонна ішкі қабаты қапталған жіксіз құбырлар шығаруды көздейді. Бұл бастама өңірдегі өңдеу өнеркәсібінің әлеуетін одан әрі арттырып, отандық өндірістің жаңа деңгейге көтерілуіне серпін бермек.
Әдемі БАҚЫТЖАНҚЫЗЫ,
Жайық үні
Версия для печатиСоңғы жаңалықтар
«Начни с себя»: встреча с молодежью в рамках идеологии «Таза Қазақстан»
Қазақстан көші-қон саясатын мамандар мен инвесторларды тартуға бағыттап өзгертуде
Қоғамдық қауіпсіздік пен құқықтық тәртіп: БҚО-да 25 елді мекен ішімдіктен бас тартты
Олжас Бектенов құқық бұзушылық профилактикасы жөніндегі ВАК отырысын өткізді – жол қауіпсіздігі шаралары қаралды
Премьер-министрдің төрағалығымен құқық бұзушылықтардың алдын алу жөнінде ВАК отырысында көші-қон жағдайы қаралды
Батыс Қазақстан облысында ірі кәсіпорындар «Таза Қазақстан» экологиялық акциясына қосылды
БҚО-да қылмыстық схема әшкереленді: жастардың нашақорлыққа тартылуына жол берілмеді
Батыс Қазақстан облысында 150 студент киберволонтерлер қатарына қосылды

Кіру




