Ел мерейін үстеген қос азамат
Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығына сәйкес ақын, журналист, халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты Ғайсағали Сейтақ ұлт руханиятына қосқан елеулі үлесі үшін, ал облыс әкімі аппаратының басшысы Нұрділдә Ораз мемлекеттік органдардағы үлгілі қызметі үшін «Құрмет» орденімен наградталды. Жоғары марапатты Батыс Қазақстан облысының әкімі Нариман Төреғалиев салтанатты жағдайда табыстады.
Жиында аймақ басшысы бұл марапат – елге сіңген еселі еңбектің, халық сеніміне адалдықтың айғағы екенін атап өтті. Шараның шырайын кіргізген сәттердің бірі – марапат иелерінің қарапайым болмысы мен жүрекжарды алғысы болды.
Ғайсағали Сейтақ – Жайық жұрты жақсы білетін сыршыл ақын, қаламы қарымды журналист. Ол 1958 жылы қасиетті Бөкей ордасы ауданының Орда ауылында дүниеге келген. 1980 жылы Орал педагогикалық институтының филология факультетін тәмамдап, еңбек жолын аудандық «Екпін» газетінде тілші болып бастады. Кейін облыстық «Орал өңірі» газетінде жемісті еңбек етіп, журналистиканың талай белесін бағындырды. Бүгінде «ҚазАқпарат» агенттігінің облыстағы меншікті тілшісі ретінде жаңалық жаршысы болып жүр.
Ақынның «Маңдай», «Аман бол, атамекенім», «Нарынның нар ұлдары», «Ай-арудың алқасы», «Тек пен тамыр», «Жақыным менің – жалпақ ел» секілді кітаптары оқырман жүрегінен орын алды. Жыр додаларында топ жарып, әдеби ортада лайықты бағасын алған қаламгердің бүгінгі марапаты – руханиятқа берілген құрметтің көрінісі.
Нұрділдә Ораз – мемлекеттік қызметтің сан саласында шыңдалған, жауапкершілігі мол азамат. 1981 жылы дүниеге келген ол Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде журналистика мамандығын, кейін Қарағанды академиясында құқық қорғау қызметі мамандығын игерді. Еңбек жолын бұқаралық ақпарат құралдарында бастап, кейін ішкі істер органдары мен мемлекеттік құрылымдарда жауапты қызметтер атқарды.
Ол министрліктер мен ведомстволарда ақпарат саясатын үйлестіріп, қоғам мен мемлекеттік орган арасындағы сенімді байланысты нығайтуға үлес қосты. Бас прокуратурада, Ішкі істер министрлігінде, өңірлік басқармаларда атқарған қызметтері оның іскерлігі мен кәсіби білігін айқын танытты. Қазіргі таңда облыс әкімі аппаратының басшысы ретінде өңір дамуына қалтқысыз қызмет етіп келеді.
Қос азаматқа табысталған «Құрмет» ордені – олардың ұзақ жылғы қажырлы еңбегіне, ел мен жерге деген адалдығына берілген жоғары баға. Ғайсағали Самиғоллаұлы мен Нұрділдә Серікұлын мәртебелі марапаттарымен шын жүректен құттықтаймыз! Дендеріне саулық, отбасыларына амандық, ел игілігі жолындағы еңбектеріне толайым табыс тілейміз!
Орал қалалық “Жайық ҮНІ” газетінің редакция ұжымы
Версия для печатиСоңғы жаңалықтар
«Начни с себя»: встреча с молодежью в рамках идеологии «Таза Қазақстан»
Қазақстан көші-қон саясатын мамандар мен инвесторларды тартуға бағыттап өзгертуде
Қоғамдық қауіпсіздік пен құқықтық тәртіп: БҚО-да 25 елді мекен ішімдіктен бас тартты
Олжас Бектенов құқық бұзушылық профилактикасы жөніндегі ВАК отырысын өткізді – жол қауіпсіздігі шаралары қаралды
Премьер-министрдің төрағалығымен құқық бұзушылықтардың алдын алу жөнінде ВАК отырысында көші-қон жағдайы қаралды
Батыс Қазақстан облысында ірі кәсіпорындар «Таза Қазақстан» экологиялық акциясына қосылды
БҚО-да қылмыстық схема әшкереленді: жастардың нашақорлыққа тартылуына жол берілмеді
Батыс Қазақстан облысында 150 студент киберволонтерлер қатарына қосылды
Құрметті тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық саласының қызметкерлері!

Кіру

