ХАДИША ТЕАТРЫ ХХVIII МАУСЫМЫН ҚОРЫТЫНДЫЛАДЫ
Х. Бөкеева атындағы облыстық қазақ драма театры 28-ші маусымын қорытындылады. Осыған орай Иран-Ғайыптың «Махамбет» қойылымы сахналанып, театрдың тұрақты көрермендеріне құрмет көрсетілді. Трагедия жанрында өрілген спектакль тарихта аты алтын әріптермен жазылған ұлы тұлға Махамбет Өтемісұлының батырлық тұлғасын айшықтай түседі.
Исатай Тайманұлы бастаған ұлт-азаттық көтерілістің рухани көсемі, қазақ поэзиясындағы ерекше тұлға, ақын Махамбет Өтемісұлы жайындағы өлең жолдарымен өрілген драмалық қойылым батыр өмірінің шырғалаңға толы тұстарынан сыр шертеді. Оқиға хан билік құрған заманда өрбігенімен, өн бойынан қазіргі таңдағы көріністер де қылаң беріп қалады.
Маусым қорытындысы бойынша жыл бойғы жұмыс қорытындыланды. Театр маусым бойы көрерменге онлайн және оффлайн форматта 44 қойылым тарту етті. Солардың көпшілігінде рөл сомдап, өзгелерден ерекше белсенді болған актер, «Мәдениет саласының үздігі» Теміржан Матаев көркемдік кеңестің шешімімен жылдың ең үздік қызметкері деп танылды.
Сондай-ақ қойылым соңында аталған маусымда мерейлі жасқа толған қызметкерлер, театрға жан-жақты қолдау білдірген көрермендер марапатталды.
Хадиша Бөкеева атындағы облыстық қазақ драма театрының ақпарат бөлімі, суретке түсірген Виктор Предыбайло
Версия для печати
Пікір үстеу