8 (7112) 50-86-31
Қ.Жұмағалиев (Фрунзе) көшесі, 20/1 zhaik_yni@mail.ru

Орал қалалық «Жайық Үні» газеті – жаңалықтың жаршысы!

8 (7112) 50-86-31
Қ.Жұмағалиев (Фрунзе) көшесі, 20/1 zhaik_yni@mail.ru
01 Қыркүйек 2026 71 0
Өңір жаңалықтары

Кеңсуат негізгі орта мектебінің жаңа ғимараты пайдалануға берілді

Биылғы 1 қыркүйек – Білім күні Ақжайық ауданындағы Кеңсуат ауылының тұрғындары үшін ерекше қуанышпен басталды. Елді мекенде жаңа шағын жинақты мектептің ғимараты ел игілігіне берілді. Бұл күні жалпы облысымызда төрт шағын жинақты мектептің есігі шәкірттерге айқара ашылды.

Жаңа білім ордасының ашылуына облыс әкімі Нариман Төреғалиев, KPO b.v. компаниясы Бас директорының орынбасары Мұхтар Манкеев, аудан әкімдігі өкілдері мен ауыл тұрғындары қатысты.

Салтанатты шара барысында облыс әкімі ұстаздар мен оқушыларды жаңа оқу жылының басталуымен құттықтап, білім саласының ел болашағын қалыптастырудағы рөліне тоқталды. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев та Тамыз кеңесінің пленарлық отырысында қоғамның алға жылжуы үшін сапалы білім мен ғылымға ерекше мән беру қажеттігін атап өткен болатын. Осы бағытта өңірде білім беру нысандарының материалдық-техникалық базасын жақсартуға басымдық беріліп келеді.

Облыс әкімі соңғы жылдары атқарылған жұмыстарға да тоқталды. 2023 жылдан бері облыс аумағында жалпы сыйымдылығы 12 мыңға жуық орын болатын 38 мектеп жаңадан салынған. Оның 30-ы ауылдық жерлерде бой көтерген. Бұл жұмыстар ауыл балаларына қаладағы құрдастарымен қатар сапалы білім алуға мүмкіндік беретін қолайлы жағдай қалыптастыруға бағытталған.

Сонымен қатар өңір басшысы Президент бастамасымен жүзеге асырылып жатқан конституциялық реформалар аясында адами капиталды арттыру, білім мен инновацияны дамыту мәселелеріне айрықша назар аударылып отырғанын атап өтті. Жаңа оқу жылында ұстаздар қауымы мен оқушыларға сәттілік, толағай жетістіктер тіледі.

Кеңсуат негізгі орта мектебінің жаңа ғимараты 60 оқушыға арналған. Мектеп KPO b.v. компаниясының әлеуметтік міндеттемелері негізінде салынған. Жобаның жалпы құны 1,4 млрд теңгені құрайды. Заманауи білім ордасында оқушыларға қажетті жағдайдың барлығы қарастырылған. Мұнда 10 оқу кабинеті, екі шеберхана, кітапхана, мәжіліс залы, спорт залы және асхана орналасқан. Оқушылардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін ғимаратқа бейнебақылау жүйесі де орнатылған. Жаңа оқу жылында мектепте 53 оқушы білім алып, оларға 17 педагог дәріс береді.

Мектеп аумағы да абаттандырылып, төсемтастар төселген. Балалардың бос уақытын тиімді өткізуі үшін спорттық және ойын алаңдары жабдықталған. Салтанатты шара барысында облыс әкімі мектеп басшылығына ғимарат пен оның аумағын күтіп ұстауға, айналаны көгалдандыруға және орнатылған құрал-жабдықтарды ұқыпты пайдалануға қатысты бірқатар тапсырма берді.

Жаңа мектептің ашылуы Кеңсуат тұрғындары үшін ауылдың әлеуметтік инфрақұрылымын жақсартуға жасалған маңызды қадамдардың бірі болды. Енді ауыл балалары жаңарған, заманауи талаптарға сай білім ордасында білім алатын болады.

Версия для печати
Соңғы жаңалықтар
Без рубрики
Семей полигонының жабылғанына – 35 жыл
31 Тамыз 2026
108 0
Национальный ядерный центр Республики Казахстан
Семей полигонының жабылғанына 35 жыл: Курчатовта не өзгерді
28 Тамыз 2026
268 0
Өңір жаңалықтары
ТАЗА СУ – АУЫЛҒА ЖЕТКЕН ИГІЛІК
28 Тамыз 2026
260 0
Өңір жаңалықтары
ЖАҢА МЕКТЕП – АУЫЛ БОЛАШАҒЫНА ЖАСАЛҒАН ҚАДАМ
28 Тамыз 2026
243 0
Қалалықтар қаперіне
Ашықтық пен адалдық – басты талап
27 Тамыз 2026
270 0
Қалалықтар қаперіне
БҚО-да жылыту маусымына дайындық 96%-ға жетті
27 Тамыз 2026
258 0
«Орал қаласының көркем жерлері»
«Ғаламтор ресурстары»