8 (7112) 50-86-31
Қ.Жұмағалиев (Фрунзе) көшесі, 20/1 zhaik_yni@mail.ru

Орал қалалық «Жайық Үні» газеті – жаңалықтың жаршысы!

8 (7112) 50-86-31
Қ.Жұмағалиев (Фрунзе) көшесі, 20/1 zhaik_yni@mail.ru
03 Тамыз 2025 1175 0
Еске алу

Аңсағаным!…

«Адам күліп тумайды, туа сала күлмейді.

Үйренеді күлуді. Бірақ күліп өлмейді.

Адам жылап туады, жатады жұрт жұбатып.

Және жылап өледі, өзгені де жылатып.

Жылайтыны туарда – жамандар бар қинайтын.

Жылайтыны өлерде – жақсылар бар қимайтын!» – деген екен қадірлі жерлесіміз, Қазақстанның Халық жазушысы Қадыр Мырза Әлі.

Иә, былтыр 2024 жылдың дәл осындай тамыз айының алғашқы күндерінде көз алдымызда Күн нұрындай сәуле шашып, жарқырап жүрген Ансағаным қызымыз, Аңсағаным бауырымыз мынау фәни жалғаннан қапияда қоштасып, о дүниеге аттанып еді. Ал бүгін он екі ай бойы арамызға қайтып оралмаған, аққан жұлдыздай ағып түскен аяулы гүлімізді сағынышпен еске алып отырмыз. «Жазмыштан озмыш жоқ.» Алла тағала маңдайға жазған қатал тағдырға көнбеске не шара?!

Ихсанова Аңсағаным Нәсіпқалиқызы 1982 жылдың 4 ақпан күні дүниеге келді. Көп жылдар бойы әкесі Нәсіпқали мен анасы Балжанның Тәңірден тілеген, аңсап күткен сәбилері болған соң есімін Аңсағаным деп қойды. №3 Жамбыл фермасынан бері қарай барша Бисен ауылы, бөкейордалықтар, әулеттің үлкендері Ихсан мен Хамза атасы, Мәнсура мен Базарғаным әжесі ақ бесікте аппақ болып уілдеп жатқан ерекше балапанның аман-сау өсуін тілеп, «Отыз күн ойын, қырық күн тойын» жасады. Сол кезде атақты әнші-композитор Ескендір Хасанғалиевтің елге кең тараған «Аңсағаным» әні титтей сәбидің мерейін одан сайын өсірді. Балжан анасы көктемде Аңсағанымды қолына көтеріп Күн шуағына алып шықса болды бүкіл бисендіктер «Айтшы, жаным қайда жүрсің, қайда? Шақырады арман – ару май да. Қызғалдақты көктемім боп жайна, ансағаным» деген әдемі әнді еріксіз шырқап кететін-ді. Сөйтіп, Аңсағаным Мұратәлиевтердің, Ихсановтар мен Ильясовтардың жанұясындағы балдай балапан емес, бүкіл ауыл-аймақтың тәп-тәтті ботақанына айналды. Тәй-тәй басты, күлімсіреді, былдырлап тіл қатты, бақыт пен махаббаттың, шексіз мейірімнің шуағына шомылды. Ата-анасын мол бақытқа бөледі! Ақ уызға тойып, аялы алақанда алаңсыз өскен Аңсатай күн өткен сайын толысып, ай өткен сайын құлпырып, жылдармен бірге жетіліп, алты жасқа толды. Ертегідегі хор қызындай, хисса-аңыздай «ерекше бала» болды. Құстың сүтінен басқасын аузына салды. Сөйтіп, сөмкесін кітап пен кәмпитке толтырып, 1988 жылы қыркүйекте Бисен Жәнекешов атындағы орта мектептің табалдырығын аттады. Қос бұрымында ақ бантигі желбіреп, алтын ұя мектебіне «тарыдай» болып барған Аңсағаным 1999 жылы мектепті кіл төрт пен беске бітіріп, «таудай болып шықты». Келешекке жол тартып, жасыл қала Оралға алғаш қадам басты. Айы оңынан, Күні соңынан туып, республикаға танымал Жаһанша Досмұхамбетов атындағы Орал педагогикалық училищесіне оқуға түсті. 2001 жылы «Бастауыш сынып мұғалімі» мамандығы бойынша осы байырғы білім ордасын «Қызыл дипломмен» тәмамдады. Сол 2001 жылы жаңадан ашылған «Андас» оқу орталығынан алғашқы еңбек жолын бастады. Сондай-ақ, заман талабынан шет қалмай білімін ұштап, «Андас» кәсіпорнының орталығынан «Жеке электронды есептеу машинкасының операторы» мамандығын алып шықты. Заманның көшінен қалмай, көпшілік әлі тілін түсіне білмеген алып компьютерді де тез меңгерді.

Терең білімге «инемен құдық қазған» Аңсағаным Ихсанова 2002 жылы Махамбет Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік университетінің «Физика және информатика» факультетіне оқуға түсіп, 2005 жылы университеттің күректей дипломын қолына алды. Бұдан соң қазіргі «Батыс Қазақстан инновациялық-технологиялық университетінде сырттай оқып, 2008 жылы «Қаржы» мамандығы бойынша тағы бір дипломға қол жеткізді. Сөйтіп, Батыс Қазақстан облысындағы білдей қос университеттің түлегі жоғары кәсіби мамандығына арқа сүйеп, ешнәрседен жүрексінбей, ең қауырт банк саласына өзін бағыттады. Оның бір бүйрегі қаржы саласына бұрып тұрды. Өйткені, үлкен ағасы Болатқали Ихсанұлы есепке жүйрік, ұзақ жыл ферманың бас есепшісі болып қызмет атқарған еді. «Тектіден текті туады, тектінің жолын қуады» дегендей, Аңсағаным да көкелерінің жолын қуды. Және дәл қаржылық қызмет нәзік жанның кемел болашағына үлкен жол ашты. Орал қаласындағы атақты «БТА», «АТФ», «Жусан», «Халық» банктерінде және өмірінің соңғы сәтіне дейін «Фридом банкте» абыройлы қызмет атқарды. Әріптестерінің алды болды. Үзеңгілестеріне сыйлы болды. Банктен-банкке ауысқан сайын беделі өсіп, республикадағы банктердің басқа облыстардағы филиалдарында белсенді қызмет атқарды. Тіпті, дәм-тұзы таусылар шаққа дейін «Фридом банкте» бөлім басшысы болып қызмет жасап, өз ісіне адал әрі шын берілген маман екенін мойындатты. Әттең, сұм ажал арыстандай ақырып кіріп келмегенде қазақтың ақылды әрі қайратты аруы талай асуларды бағындырып, әлі талай биіктерге жетер еді! Өмірдің заңы мұнша қатал болар ма?! Найзағайдай жарқ-жұрқ еткен жасын ғұмырында Аңсағаным шет мемлекеттерді армансыз шарлап, дос-құрбыларымен әлемді қызықтап, ата-анасына еркелеп, бақытты өмір сүрді. Үлкен-кішіге ізетті, қайырымды болды.

2024 жылдың 30 шілдесі күні қас пен көздің арасында Аңсағанымнан айырылып қалғалы, ақиық ақын Мұқағалидың «Өмір дегенің бір күндік сәуле екен ғой» деген бір шумақ өлеңі ойдан кетпейді. Дәл 1 тамыз күні аппақ жүзін, қолаң қара шашын, мақтадай жұмсақ денесін қара жер құшқалы – сәби шағынан құлындай асыр салып, аққудай сылаңдап өскен ерке құстың тағдыры жаныңды қинайды! Қинай береді!…

Бүгінде шарасыз қалге түскен, Құдайдың сынағына көнген асыл анасы Балжанның көз жасы тұнғиық теңізге айналды… Асқар таудай әкесі Нәсіпқалидың көз жасы көлге толды… Мәңгілік өкініш жүрекке жара салды… Жастары жетпістен асқанда қайғыдан қан ішкен ата-анасы әр жұма күні шоқ гүлдерін құшақтап бейітке барып, «Ақ гүлім, балапаным – Ансағаным! Жан балам, аппақ құсым – Ансағаным! Жұмақтың төрінде жүрші жаным. Мәңгілік сағынышым – қызғалдағым» деп құлпытасқа қашалған осынау өлең шумақтарын оқып, суретінен сан мәрте сүйеді… Қайтып келмейтініне сенбейді!

Иә, өмір-өзен ағыстай ағар… Мұз еріп, жаңбырдай жерге тамар…Тірі адам тірлігін жасар… Тек, ұйқың тыныш болсыншы, Ансажан! «Бір тойым болатыны сөзсіз менің» деп жақсылықты алдан күткен Анса-ару! Бәрін шешетін құдіретті бір Алла жаныңа фирдаус жәннәтін нәсіп етсін. Әруағың шат болып, өзіңе тағзым еткен жанның бәрін рухың желеп-жебесін. Сені үкідей баптап, үмітін үкілеген ата-анаңа Құдай күш-қуат берсін!

Аққуы едің айдынның.

Ақ гүлі ең ата-анаңның.

Еркелеп өскен еліктей,

Тәттісі едің баланың!

Моншақтай еді жанарың,

Ай маңдай сұлу қабағың,

Жайқалып тұрған қызыл гүл,

Тым ерте неге қуардың?!

Жұлдыздай ағып, құладың!..

Аспанда еркін ұшқан құс –

Әп-сәтте қайда жоғалдың?!

Жаныма ыстық Анса едің.

Қайғыңнан әттең, теңселдім!

Кім білген Анса арудың

Қуантып келіп өмірге,

Өксітіп бұлай өтерін?!

Бақұл бол, қош бол, Ансажан!

Өзегімізді өртедің!

Біз сені ешқашан ұмытпаймыз, Аңсажан! Жұмыр жерді басып жүрген осынау жамағаттың көңілінде, біздің лүпілдеген жүрегіміздің төрінде сұлу жүзің, мөлдір көзің, нұрлы бейнең күлімдеп тұрады, тұра береді!

Мира ХАМЗАҚЫЗЫ

Версия для печати
Соңғы жаңалықтар
Бәрекелді!
Алаяқтардан құтқарып қалды!
22 Қараша 2025
356 0
Бәрекелді!
«Бірлік» алтын медалі табысталды
19 Қараша 2025
443 0
Оқиға
Жол-көлік оқиғасы орын алды
17 Қараша 2025
500 0
Қалалықтар қаперіне
Азық-түлік бағаларын бағамдады
15 Қараша 2025
511 0
Өзек
Меморандумға қол қойды
12 Қараша 2025
561 0
Өзек
Министрмен кездесті
08 Қараша 2025
303 0
Қалалықтар қаперіне
Тұрғындар уәж айтты
04 Қараша 2025
783 0
Қалалықтар қаперіне
Отбасын қолдау орталығы өз жұмысын бастады
04 Қараша 2025
813 0
Қалалықтар қаперіне
«Халық қатысатын бюджет»
04 Қараша 2025
764 0
Қалалықтар қаперіне
«Судың да сұрауы бар…»
04 Қараша 2025
715 0
Мезгіл мәселесі
Оралдықтармен кездесті
02 Қараша 2025
758 0
Өзек
Зашағанда мәселе көп…
29 Қазан 2025
941 0
«Орал қаласының көркем жерлері»
«Ғаламтор ресурстары»