8 (7112) 50-86-31
Қ.Жұмағалиев (Фрунзе) көшесі, 20/1 zhaik_yni@mail.ru

Орал қалалық «Жайық Үні» газеті – жаңалықтың жаршысы!

8 (7112) 50-86-31
Қ.Жұмағалиев (Фрунзе) көшесі, 20/1 zhaik_yni@mail.ru
02 Қазан 2025 1110 0
«Жақсыдан – шарапат»

Айсұлу МЫРЗАЛИЕВА: «Атам қасыма күлімсіреп келіп тұрады…»

Танымал жазушы-журналист Алтыншаш Жағанова бас редакторы болып, ел арасына кеңінен таралған республикалық «Қазақстан әйелдері» жорналына ертеректе «атынан ат үркетін» әйгілі ақын Қадыр Мырза Әлидің «Айсұлу» атты поэмасы жарияланды. Өте керемет жазылған өлең жолдары жүрегімді жаулады-ай кеп…
АЙСҰЛУ Алматы деген әсем қалаға алғаш рет келген, Қадыр ақынның жылы ұясына бақыт құсы болып қонған бөпе екен. Атасының немересіне деген ерекше махаббаты, мейірім шапағаты өлеңнің әр жолынан есіп тұрды. Содан бері, миымның бір қуысында «Айсұлу» атты өлеңнің жалпы мазмұны, мағынасы қалып қойды. Кеше біз Ақ Жайығы болып атап өткен қарымды қаламгер, ұлт мақтанышы – Қадыр ағаның 90 жылдығында Айсұлу арумен бірінші рет танысып, сұқбаттастым. Ақ сары жүзі Күн дидарындай жып-жылы, кішіпейіл Айсұлу бетіме тура қарап, сұрақтарыма бөгелмей қазақша жауап берді. Бүгінде өзі де отбасын құрып, екі балапанның анасы атанған Айсұлу Мырзалиева Алматы қаласында тұрады. Қазақтың Қадырін ол да жиі аңсайды.

– Айсұлу, Ақ Жайыққа бұрын-соңды келіп пе едің?
– Әрине. Ең бірінші рет осы Оралға 2015 жылы атама арнап орталық ашылғанда келдім. Сол сәттегі қорқыныш әлі көз алдымнан кетпейді. Бүгінде атамның мұражайына қарап, жүрегім дүрсілдеп тұр…
– Қорқыныш дейсің бе? Ол қандай қорқыныш? Әлде бұл мұражайда көзге көрінбейтін елес бар ма?
– Білмеймін. Мүмкін елесі жүрсе, жүрген шығар. Атам тегін адам емес қой! Арқасы бар. Бірақ осы орталық ең алғаш ашылып, біз ішін аралағанда бойымның бір суып, бір ысығаны рас. Ол кезді сөзбен айтып жеткізуге әлі күнге дейін қиналамын. Себебі атам болып киініп, бетін әрлеп, шашына дейін ұқсатып, шапанын иығына жауып, тура жазу үстеліне отырғызып қойған бейтаныс актерді көргенде, шошып кеттім. Қадыр атамнан аумайды-ау, аумайды.
– Осы жолы да киіз үйде Қадыр ақын болып бір жігіт киініп отырды ғой.
-Жоқ, кешегі көрніспен, алғашқы көрніс мүлдем басқа. Қадыр Мырза Әлі атындағы Батыс Қазақстан облыстық мәдениет және өнер орталығы ашылған тарихи оқиғаны ештеңемен салыстыруға болмайды. Ең бірінші рет атамнан аумайтын кісіні көріп, сасқалақтап қалдым. Шынымен атам отырғандай әсер етті. Сол «тірі портрет» біздің жанұяға өте ауыр соққы болды. Көзімізге жас алдық. Атаның өмірден озғанына да аса көп жыл өте қоймаған еді. Алайда ақыннан аумайтын ғып жанды бейнені ойлап тапқан режиссердің идеясы маған қатты ұнады. Осы Орал қаласына жұмыс барысымен жиі келемін. Мұнда көптеген коммерциялық ғимараттың жобасын жасауға қатыстым. Бұл жаққа іс сапармен келген сайын уақыт тауып Қадыр Мырза Әлі атындағы ғимаратқа кіріп шығамын. Өйткені мұнда біздің үйдің ең қымбат дүниесі, атамның құнды кітаптары, жұмыс бөлмесіндегі заттары тұр. Соның бәрін көзіммен түгендеп кетемін. Қаламына дейін көзіме оттай басылады. Атам жазу үстелінде көзін бір нүктеге қадап, мұңайып ұзақ отыратын. Атамның сол сәттері мұражайына келгенде есіме түседі. Мен құйттай күнімнен Қадыр атам мен Салтанат әжемнің қолында өстім. Бірақ әжемізді Дәумама деп атадық. Мен бір жас, төрт айда болғанымда әкем Қазбек пен анам Елена Ленинградтан Алматы қаласына көшіп келіпті. Содан бері үлкен кісілермен бес жыл бірге тұрдық. Атам мен әжем мені қатты жақсы көріп, қазақ тіліне баулыды. Тілім қазақша, орысша шықты. Қазір шетел тіліне де жетікпін. Атамның балаларға арнаған «Бұл қалай?», «Жалқаубек», «Қуын-ай», «Апамның айласы», «Диктант» өлеңдері мен «Өмір, өмір», «Махаббат әні», «Қазақ осы», «Атамекен» өлеңдеріне жазылған керемет әндер жаныма жақын. Көлікте үзбей тыңдап жүремін.
– Ал қазір атаңның қара шаңырағына жиі барып тұрасың ба? Жазу бөлмесіне кіресің бе?
– Өзім де сол Алматыда тұрамын ғой. Жұмыс пен кептелістен, үйдегі тірліктен көп қолым тимейді. Соған қарамастан, Дәуәжемді сағындырмай барып тұрамын. Бауырсақ пісіріп, ет асып, әжем бізді еркелетеді. Бір-бірімізбен шүйіркелесіп, арқа-жарқа боламыз. Тек атамды жиі есіме алып, сағынатыным болмаса, қалғанының бәрі шүкір. Барға қанағат етеміз.
Қазір Алматыдағы үйде атамның аз ғана кітаптары қалды. Аулаға кіргеннен, қақпаны ашқаннан атамның энергиясы қатты байқалады. Жақсы адамның жан дүниесі бөлек қой. Кейде ас бөлмеде отырғанда атам қасыма келіп, маған қарап күлімсіреп тұрғандай болады. Кәдімгідей шынайы сезіледі. Үйдің ішінде жүргендей көрінеді. Тұтас кітап сөрелерін Оралға көшіріп әкеткенде жүрегім қатты ауырды. Сол кезде атам өзіме арнап, қолтаңба жазып берген бес-алты кітабы мен портретін алып қалдым. Қазір өзімнің үйімде, жұмыс кабинетімде портреті ілулі тұр. Архитекторлық ауыр жұмыстармен шұғылданғанда атамның портретіне қараймын. Мені қолдап, қорғап тұрғанын іштей сеземін. Маған Қадыр атамның әр заты мотивация береді.
– Айсұлу, өзің айтқандай балғын сәби шағыңнан танымал отбасында өстің. Атақты ақынның немересісің. Осының бәрі саған қалай әсер етеді?
– Қызық сұрақ екен. Осы жағын ешқашан ойламаппын. Біздің көпұлтты жанұя екенімізді барша қазақстандықтар жақсы біледі деп ойлаймын. Қадыр атам мен Дәумаманың бас көтерген ұлы Қуаныш пен менің әкем Қазбектің сүйген жарлары өзге ұлттың өкілдері. Тек кенже ұлдары Ғазиз көкемнің келіншегі Бақытгүл Шымкенттен. Десек те атам мен әжем немерелері Руслан, Сырым, Гауһар, Мұхит, Мүсілім, Айнамкөз және маған қазақтың салт-дәстүрін үйретіп, қазақы тәлім-тәрбие берді. Біз бәріміз ана тілге жетікпіз. Өте татумыз. Ұлттық құндылықтарды құрметтейміз. Сондықтан Мырзалиевтер әулетін қазақшылық мәдениеті жоғары жанұя ғана емес, адамшылығы жоғары жанұя деп айтқан жөн. «Адам бол. Өз тіліңді біл. Үлкендерді сыйла, тыңда. Көп тіл білсең, өте жақсы. Бірақ өз тіліңді ұмытпа» деп атам дастархан басында үнемі айтып отыратын. Сәби шағымнан тілімнің қазақша шыққанына қазір қуанамын. Мақтанамын. Атам үйде ешкімге дауыс көтеріп ұрыспайтын. Өте салмақты, сабырлы адам болды. Көп сөзге жоқ еді. Сөйлесе, түбін түсіретін. Осы жолы Оралға келерде атамның бейітіне арнайы барып, Құран оқыдық. Мен зират жаққа аса көп бармаймын. Бара алмаймын. Атамның тау жақта жатқанына көңілім сенбейді. Сену де, көру де қиын. Одан да оңашада суретіне қарап үнсіз сөйлескенді ұнатамын. Бойымнан бір ауыр салмақ түскендей жеңілдеп қаламын. Атам бұл өмірден өте ерте кетті. Ауырмады. Аяғынан тік тұрып жүрді. «Ой, айналайын. Мен қайда асығамын? Жай профилактика ғой. Бәрі жақсы болады» деп маңдайымнан сүйетін. Соңғы рет бәлнесте жатқанда жиі барып тұрдым. Қан қысымы бірде көтеріліп, бірде төмен түсті. Сөйтіп, жүргенде атамды мәңгілікке жоғалтып алдым. (Айсұлу көзіне жас алды).
– Иә, Қадыр ағаны бәрімізде қара жерге қимаймыз. Амал нешік. Ал енді өзіңнің отбасын туралы айтып өтсең?
– Әуелі өзім жайлы дұрыстап айтып берейін. Балалық шағым еш қиындықсыз, бақытты өтті. Ата-әжем мойнына көтеріп, әлпештеп, айналып, толғанды. Алматыдағы №128 мектептің таза қазақ тобына барып, терең білім алдым. 9-сыныптан соң художественный училищеге құжат тапсырып едім. Мені қабылдамады. 17 жасымнан жұмыс істедім. Сосын институтқа оқуға түстім. Мамандығым дизайнер-архитектор. Кішкентай кезімнен сурет саламын. Бұл өнер біздің отбасында бар. Ғазез көкемде осы салаға бейім. Мен есімді білгенде әкем Қазбектің туған інісі Ғазиз көке 16 жаста болатын.
Ата-әжеме деген құрметім шексіз. Содан шығар, тұңғыш ұлымыз Астай дүниеге келгенде еш ойланбастан Мырзалиев деп фамилиясын Туу туралы куәлігіне жаздырттым. Алланың қалауымен аман-есен жаным қалып, мынау жарық өмірге ұлымды әкелген сәттен үй-ішіме: «Біздің бөпеміздің тегі Мырзалиев болады. Өйткені, ол әлемге танымал Қадыр Мырзалиевтің тұңғыш шөбересі. Астай Мырзалиев!» деп кесіп айттым. Сөйтіп, менің қалауыммен тағы бір Мырзалиев отбасымызды толтырды.
Бүгінде Қадыр ақынның немересі Айсұлу Мырзалиева деген бір ауыз сөздің өзі маған үлкен мәртебе! Алматыда жүрсем де, басқа өңірлерге іс-сапармен барсам да мені фамилиям арқылы бәрі танып, қошеметтейді. Өзіңіз айтқандай, Ұлы адамның абыройын алып жүру маған жауапкершілік жүктейді. Бұл жолы да төбем көкке сәл тимей тұр! Өйткені Батыс Қазақстан облысында екі күн бойы болып жатқан үлкен шаралар, атамды еске алу кештері көңіліме қуаныш сыйлады. Тіпті, Қадыр Мырзалиевті жүз жылдығында да ел-жұрты, отандастары, әсіресе, мектеп оқушыларының ұмытпайды деп ойлаймын. Өйткені Жымпитыда өткен кездесулерден шынайы әсер алдым. Балалардың атамның өлеңдерін жатқа оқығанын өз құлағыммен тыңдап, қатты сүйсіндім. Сондықтан осы тойды жасап берген Ақ Жайықтағы басшыларға, Сырым ауданына, Жазушылар Одағына, барлық жақсы адамдарға, кішкентай шәкірттерге, ұстаздар мен кітапханашыларға, ұйымдастырушыларға Мырза Әлидің әулеті атынан зор ризашылығымды білдіремін. Атамыздың әруағы жерлестерін желеп-жебесін.

Сұқбаттасқан Мира ШҮЙІНШӘЛИЕВА

Версия для печати
Соңғы жаңалықтар
Бәрекелді!
Алаяқтардан құтқарып қалды!
22 Қараша 2025
353 0
Бәрекелді!
«Бірлік» алтын медалі табысталды
19 Қараша 2025
441 0
Оқиға
Жол-көлік оқиғасы орын алды
17 Қараша 2025
497 0
Қалалықтар қаперіне
Азық-түлік бағаларын бағамдады
15 Қараша 2025
509 0
Өзек
Меморандумға қол қойды
12 Қараша 2025
559 0
Өзек
Министрмен кездесті
08 Қараша 2025
301 0
Қалалықтар қаперіне
Тұрғындар уәж айтты
04 Қараша 2025
778 0
Қалалықтар қаперіне
Отбасын қолдау орталығы өз жұмысын бастады
04 Қараша 2025
809 0
Қалалықтар қаперіне
«Халық қатысатын бюджет»
04 Қараша 2025
760 0
Қалалықтар қаперіне
«Судың да сұрауы бар…»
04 Қараша 2025
712 0
Мезгіл мәселесі
Оралдықтармен кездесті
02 Қараша 2025
756 0
Өзек
Зашағанда мәселе көп…
29 Қазан 2025
938 0
«Орал қаласының көркем жерлері»
«Ғаламтор ресурстары»