8 (7112) 50-86-31
Қ.Жұмағалиев (Фрунзе) көшесі, 20/1 zhaik_yni@mail.ru

Орал қалалық «Жайық Үні» газеті – жаңалықтың жаршысы!

8 (7112) 50-86-31
Қ.Жұмағалиев (Фрунзе) көшесі, 20/1 zhaik_yni@mail.ru
23 Тамыз 2026 101 0
Құрылтай-2026

Қазақстандықтар сайлауға белсенді қатысуда – ҰҚШҰ Парламенттік Ассамблеясының байқаушылары

Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымының (ҰҚШҰ) Парламенттік Ассамблеясының халықаралық байқаушылары Қазақстандағы Құрылтай алғашқы сайлауының жоғары деңгейде ұйымдастырылғанын, сайлау комиссияларының дайындық деңгейін және азаматтардың белсенділігін ерекше атап өтті. Таңертең сайлау учаскелеріне барғаннан кейін миссия мүшелерінің дауыс беру барысына қатысты ешқандай ескертулері болған жоқ.

ҰҚШҰ Парламенттік Ассамблеясының халықаралық байқаушылар тобының үйлестірушісі, Ресей Мемлекеттік Думасының Қорғаныс комитетінің төрағасы Андрей Картаполовтың айтуынша, миссия өкілдері таңертең бірнеше сайлау учаскесіне арнайы барған. Байқаушылар №192 учаскеде оның ашылу рәсіміне де қатысқан.
Оның сөзінше, барған барлық учаскелер дауыс беруді өткізуге қажетті құралдармен толық қамтамасыз етілген.
— Біз барған барлық учаскелердің ешқайсысын бөліп-жармай атап өткім келеді: ұйымдастыру деңгейі де, дайындық деңгейі де өте жоғары. Учаскелер сайлаудың заңнама талаптарына қатаң сәйкес өтуі үшін қажетті дүниемен толық қамтамасыз етілген. Бұл учаскелерде жұмыс істеуге тартылған қызметкерлер дайындықтан өткен, өздерінің функционалдық міндеттерін біледі және оларды толық көлемде орындай алады. Біз болған барлық учаскеде жағдай қалыпты әрі лайықты деңгейде өтіп жатыр. Адамдар үлкен ықыласпен келіп жатыр, олардың шын мәнінде өздері лайық деп санайтын үміткерлерге дауыс бергісі келетіні көрініп тұр. Олар кейін жаңадан сайланған Құрылтайдан өз орындарын табады, – деді А.Картаполов Халықаралық байқаушыларға жәрдемдесу орталығында өткен брифингте.
Беларусь Ұлттық жиналысы Өкілдер палатасының Адам құқықтары, ұлттық қатынастар және БАҚ жөніндегі комиссиясының мүшесі Эдуард Северин азаматтардың сайлауға деген жоғары қызығушылығына мән берді. Оның айтуынша, демалыс күніндегі сайлаушылардың белсенділігі олардың елдің саяси өміріне араласуының айқын көрсеткіші.
— Бүгін демалыс күні болғанына қарамастан, адамдар саяси үдерістерге, өз мемлекетінің саяси өміріне қызығушылық танытып отыр. Осы тұрғыда болған өзгерістер Қазақстанның мемлекет ретінде, саяси субъект ретінде, ҰҚШҰ мен ТМД мүшесі ретінде, сондай-ақ осы ұйымдарға кіретін достас мемлекеттердің серіктесі ретінде неғұрлым табысты, тиімді әрі тұрақты дамуына ықпал ететіні сөзсіз, — деді Северин.
Қырғызстан Жогорку Кенешінің Аграрлық саясат, су ресурстары, жер қойнауын пайдалану, экология және қоршаған ортаны қорғау жөніндегі комитетінің мүшесі Нилуфар Алимжанова сайлау күнін тарихи күн деп атады. Оның айтуынша, миссия өкілдері сайлау үдерісін үшінші күн қатарынан бақылап отыр.
— Сайлау күні әзірге ешқандай ескерту жоқ, ешқандай заң бұзушылық анықталмады. Барлығы қатаң заңнама талаптарына сай өтіп жатыр. Сонымен қатар, ерекше қажеттіліктері бар адамдар үшін де барлық қажетті шаралар қабылданып, тиісті жағдайлар жасалғанын атап өткім келеді. Адамдардың сайлауға деген қызығушылығы шынымен жоғары, – деді Н.Алимжанова.
Ресей Федерациясы Кеңесінің Халықаралық істер комитеті төрағасының орынбасары Баир Жамсуев сайлау учаскелерінде азаматтардың еркін таңдау жасауына қажетті жағдайлардың жасалғанына назар аударды. Атап айтқанда, дауыс беруге арналған кабиналар толық жабдықталған және сайлаушылар қажетті ақпаратпен таныса алатын стендтер орналастырылған.
— Сондай-ақ сайлау комиссияларының мүшелері негізінен мұндай іс-шараларды өткізуде мол тәжірибесі бар адамдар екенін ерекше атап өткім келеді. Олар тиісті оқудан өткен және дауыс беру учаскелеріне келген сайлаушылармен қажетті жұмысты тиісті әрі кәсіби деңгейде жүргізіп жатыр, – деді Жамсуев.
Миссия жұмысының аралық қорытындысын оның үйлестірушісі Андрей Картаполов шығарды. Оның айтуынша, миссия мүшелері сайлау үдерісінің ұйымдастырылуы мен дайындық деңгейінің жоғары екенін, сондай-ақ азаматтардың дауыс беруге белсенді қызығушылық танытып отырғанын айтты.
— Тағы да атап өткім келеді: біз болған барлық жерде заңнама талаптарының қатаң сақталуынан қандай да бір ауытқудың бірде-бір белгісін байқамадық. Менің ойымша, басқа жерлерден де мұндай жағдайды көрмейміз. Қазақстан халқын осы мерекемен құттықтаймын, баршаңызға зор денсаулық пен амандық тілеймін және халықтың еркін шынымен білдіретін азаматтар сайлансын, – деді Картаполов.
Байқаушылар өз жұмыстарын жалғастырып жатыр. Олар қалалық сайлау учаскелерімен қатар, ауылдық жерлердегі учаскелерге де баруды жоспарлап отыр. Миссия сайлауды бақылау жұмысы аяқталғаннан кейін қорытынды тұжырымдарын ұсынады.

Версия для печати
Соңғы жаңалықтар
«Орал қаласының көркем жерлері»
«Ғаламтор ресурстары»